Жалғастың жорығы

Еліміздегі ең танымал ММА шеберлерінің бірі Жалғас Жұмағұлов 2018-жылдың тамыз айында Тагир Уланбековты ұтып, жеңіл салмақта Fight Nights Global промоушенінің чемпионы атанғаннан бері октагонға шыққан жоқ. Ал бұл аралықта ақтөбелік файтер ММА әлеміндегі ең танымал промоушен UFC-ге бағыт алғаны анықталды.

Жалғастың айтуынша, ол  қазір күту үстінде екен. UFC-ге өту ісін жүрігізіп жатқан менеджер қыркүйек айындағы турнирлердің бірінде дебютын өткізіп қалатындығын айтқан. Егер бұл ретте жол болмай жатса, онда Fight Nights Global-дағы атағымды қорғаймын дейді.

Танымал промуошенде өнер көрсету үшін жалғасқа салмағын көтеру керек болады. Бұл оған қиындық тудыра алады ма?

«Жоқ, бұл ретте ешқандай мәселе жоқ. Қазір маған 57-келіге дейінгі салмақты ұстап тұру қиындап барады. Демек 61-ге оп-оңай көтеріле аламын» — дейді Жако.

UFC-ге өту  мәселесі неліктен ұзақ қарастырылып жатыр деген сұраққа жауап тауып көрейік. Біріншіден ол жерде 61 келіге дейінгі категорияда жауынгерлер жетіп артылады. Барлық вакансиялар толық. Екіншіден Жалғастың 57-келіге дейін салмақта өнер көрсеткені де аздап кедергі болып тұр. Дегенімен, Жако секілді жанкешті жауынгерлер UFC-дің сәнін кіргізбесе, кетірмесі анық. Демек бәрі ойдағыдай болады деп ойлаймыз.

Сондай ақ Жұмағұлов бұл промоушенге ресми түрде қазақстандық тумен кіретін алғашқы спортшы болу аса маңызды дейді.

Естеріңізде болса Жалғас жақында әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы Қуат Хамитовке зор қолдау көрсеткен болатын. Қуатты өзіне үлгі тұтар тұлға ретінде қарайтынын айтқан еді. Шынымен, ол қазіргі жетістігіне Найманның арқасында жетті ме?

«Қуаттың арқасында жеттім деп айта алмаймын. Бірақ ол еліміздегі алғашқы ММА спортшысы ретінде оны танымалдандыруға зор үлесін қосты. Осы спортшы өзінің харизмасының арқасында аралас жекпе-жекті елдердің көруіне ықпалын тигізді» — дейді.

Нариман Аббасовпен болған жекпе- жектің шешімінде Қуаттың ойымен бөлісесіз бе деген сұраққа, — «Қуат бұл жекпе-жекті бір ауыздан жеңілген жоқ. Бірақ ол салмақ лимитінен үш келі асып кеткен. Бұл кәсіпқой спортшы үшін тым артық. Басқа ұйым оны мұндай ереже бұзумен кездесуге қатыстырмайтын еді» — дейді.

Дегенімен ол Аббасовтың бұл кездесудегі чемпиондық амбициясына қарап ақ белбеуді беруге болатын еді дейді.

Жалғас қазірдің өзінде октагонға шығуға дайын. Онсыз да көп отырып қойдым дейді. Бірақ жоғарыда айтып өткен UFC-ге өту мәселесі толығымен шешілмей ол жекпе-жекке шыға қоймас. Ал Fight Nights Global-ға шыға қалған күнде қарсыласың кім болады деген сұраққа, бір ауыздан Али Багаутинов дейді. Тагирмен қарымта өткізудің қажеті шамалы. Ал Алимен менде бұрынна бері ерегіс жүріп келеді. Бұл мәселені шешіп тастайтын уақыт та болып қалар дейді ол.

Жалғас қай промоушенде өнер көрсетпесін сәттілік тілейміз. Дегенімен әрқайсымыздың ішімізде UFC-ге барып атой салса екен деген арман тұрғаны анық. Өз басым мұндай Жалғастың қолынан келетіндігіне толық сенемін.

Наверх