Головкин Абель Санчестен кетті

WBC, WBA (Super), IBF және IBO тұжырымдары бойынша экс әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин өзінің ұзақ уақыттан бергі бапкері Абел Санчеспен жұмыс жасамайтын болды.

Ресми мәлімдемені GGG өзінің Instagram парақшасында жариялады. Бұл ретте ол Санчеспен келісімді бұзудағы себеп бапкердің кәсіби шеберлігінде емес деп мәлімдеді.

«Мен өзім, және мансабым үшін өте маңызды шешім қабылдадым. Қазір жеткен жетістігім мен әрі қарай да даму жолдарын қарастыра келе, Абель Санчеспен ары қарай жаттықпаймын деген шешімге тоқталдым. Ол ұлы бапкер, адал, бапкелер даңқ залының өкілі. Жаңа бапкерімді жақын арада хабарлайтын боламын. Ал бүгін Абельге маған берген сабақтары мен бокста жеткен жетістіктерім үшін рахмет айтқым келеді», — деді Гена.

Головкин мен Санчес серіктестігі 2010-жылы басталды. Осы маманның қол астындағы соңғы жекпе-жегінде жерлесіміз мексикалық  Сауль «Канело» Альвареспен  (51−1−2, 35 КО) 2018-жылдың қыркүйек айында кездесіп, төрешілердің басым дауысымен ұтылып қалған болатын. Осылайша ол WBC, WBA (Super) және IBO атақтарынан айырылды. Сондай ақ бұл Головкиннің кәсіби мансабындағы алғашқы жеңілісі болды.

Головкиннің рингке оралуы 8-маусымға жоспарланған. Тура осы күні ол Нью Йорктегі Madison Square Garden аренасында жеңілмеген канадалық былғары қолғап шебері Стив Роллспен бақ сынасады.  (19−0, 10 КО). Кездесу межеаралық  164 фунт салмақ дәрежесінде өтеді.

2018-жылы АҚШтың Калифорния штатындағы Big Bear бокс залына екінші орта салмақта өнер көрсететін тағы бір қазақстандық Али Ахмедов те (14−0, 10 КО) келіп қосылған болатын. Ол Санчестің қол астында үш жеңісті кездесу өткізді. Ахмедовтың құқықтары Головкиннің  «GGG Promotions» компаниясына тиесілі. Али бұл бапкермен қала ма, жоқ па ол жағы әзірге белгісіз.

Айта кетейік сәуір айында Головкиннен бөлек тағы бір боксшы Санчестен кетті. Ол британдық аса ауыр салмақтағы спортшы Джо Джойс (8−0, 8 КО) болатын.

Почитайте также

Наверх